Жақсы жардың мінезі
Жақсы жардың мінезі

Жақсы жардың негізгі 3 ұстанымы болады:

  1. Алланың әмірін орындайды, күйеуіне бойұсынады.
  2. Сыртта абыройын сақтап, әурет жерлерін жауып жүреді. Ал жарының алдында көркем, қылықты көрінуге тырысады.
  3. Адал жар, жақсы ана болып, ата енесінің, қайын жұртының көңілінен шығуға барын салады. Туыстық қатынасты сақтап, отбасының ынтымағын арттырады.

Ал осының бәріне әйел адам тек көркем мінезі арқылы ғана қол жеткізе алатыны рас. Бірде бір сахаба Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Түгенше деген әйел күндіз ораза ұстайды, түнде намаз оқиды. Бірақ, оның мінез – құлқы жаман, көршілерін тілімен ренжітеді», – дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Оның бұл істерінде қайыр жоқ. Ол әйел тозақ иелерінен», – деп жауап береді.

Иә, шындығында, жүрегіне иман ұялаған әрбір пенде мінез – құлқының көркем болуына аса мән бергені жөн. Көп жағдайда туа біткен табиғи мінезіміз бен ортаға қарай қалыптасқан құлқымыз көркемдікке ұмтылысымызды бұғап, өзі бетіне қалқып шыға беретіні тағы бар.

Аллаһ Тағала ер кісіге – күш — қуат, шыдамдылық, төзімділік және сабырлылық, қандай да бір істің ақырын тұжырымдау, әрбір істің алдын алу, жігерлік сонымен қоса ақыл-парасат т.б. сол сияқты ерекшелік қасиеттермен қамтыған.

Ал әйел затына – сезімталдық, нәзіктік, мейірімділік және сыпайылық, ұялшақтық, ибалылық, бар жанын баласы үшін аянбайтын және нәсілдің қорғауы мен тәлім тәрбие міндеті т.б. көптеген ерекшелік қасиеттер берген. Психологтар жалпы алғанда ер кісі әйел затына қарағанда, қайғы-қасіретке төзімді, әрбір жағдайда  ақыл-парасаттылығымен шешім қабылдайтындығын айтса, әйел кісі болса, жаратылыс жағынан өте нәзік жаратылғандықтан көбіне  сезім арқылы шешім қабылдап,алданғыш және көп нәрсеге сенгіш келетіндігін айтады.

Алайда қанша жерден әйел затының бойында сезімге берілу деген туа біткен қасиет болғанымен, қайсар да сабырлы бір анамыздың өмірінен бір мысал келтіргім келеді. Сахаба Әбу Талханың жалғыз баласы сырқаттанып, ол түзде жүргенде қайтыс болады. Оның әйелі Үмма Сүлейм өлген баласын жуындырып, кебіндеп, оң жаққа жатқызып қояды. Кейін көршілерге қарап: — Әзірге әкесіне хабар бермеңдер! – деп қатаң табыстады. Әкесі Әбу Талха кеш бата үйге келіп, ауырып жатқан баласының жағдайын сұрайды. «Сен кетердегіден әлдеқайда тәуір» — деп жауап берді әйелі. Екеуі бірге ас ішті. Әңгімелесіп отырғанда хазірет Үммү Сүләйім күйеуінен: «Әбу Талха» — деді көзіне көзін қадаған күйі, — Қарызға алған нәрсені қайтарған жөн бе, жөн емес пе?
О не дегенің? Әрине, қарызды міндетті түрде қайтару қажет.
Олай болса, Алла Тағала саған аманаттаған ұлын өзі қайтарып алды!
Бұл сөзді естіп күрсінген Әбу-Талха бар-жоғы:
Бәріміз Алла Тағала үшін жаратылдық. Ерте ме, кеш пе түбінде соған қайтамыз, — деп Жаратушының ісіне ризашылықпен мойынұсынып, көнгеннен басқа артық қылық жасамады.
Таң атқанда мән-жайды Пайғамбарымызға (с.а.с.) барып баяндады. Пайғамбарымыз қолын жайып: — Уа, Жаратқан! Әбу Талханың осы бір өнегелі ісін оған екі есе ғып қайтара гөр! – деп дұға етті.
Айтқандай-ақ, тоғыз ай он күн өткенде Әбу Талханың үйі шаттыққа бөленіп, әйелі шекесі торсықтай ұл тапты. Атын «Абдуллаһ» деп қойды. 

Міне, шағын да болса, ғибратқа толы Үммү Сүләймнің осындай амалынын үлгі алып жатсақ қандай керемет. Қайсар анамыздың бойынан сабырлық, парасаттылық, имманына берік, ибалы, қамқор, тәрбиелі екенін  көруге болады. Нәпақаңызды терлеп тепшіп адал жолмен тауып, түзде жүрген ер азаматтарыңызды желкесінен алмай, керісінше сабырлық пен парасаттылықты бойыңызға дарытсаңыздар, жемісі Раббымыздың разылығы мен сыйы болары анық. Бұл айтылғаннан әркім өзіне керек маржанды теріп алды деген ойдамын.

көркем мінез, жақсы жар, сабырлық, әбу талха
Nurly zhanNurly zhan
2 жыл бұрын 3644
6 пікір
  • Оте дурыс айтылган
    2 жыл бұрын
  • Assalau magaleikum ua rahmatullahi ua barakauh kalaisyzdar bauyrlar
    2 жыл бұрын
  • 1,Алланың әмірін орындайды, күйеуіне бойұсынады.
    2,Сыртта абыройын сақтап, әурет жерлерін жауып жүреді. Ал жарының алдында көркем, қылықты көрінуге тырысады.
    3,Адал жар, жақсы ана болып, ата енесінің, қайын жұртының көңілінен шығуға барын салады. Туыстық қатынасты сақтап, отбасының ынтымағын арттырады.Қазіргі кезде осы үш қасиет қыздардң көбінен жоғалды!!!көбшілігі дүние қуып кеттіғой!!!
    2 жыл бұрын
Блог туралы
0
24297 52 91 1777 49