Бала тәрбиесінен кеткен бес қате. БІРІНШІ
Бала тәрбиесінен кеткен бес қате. БІРІНШІ

Өкінішке орай, ата-аналардың көбісі «баланы жұбат» дегенде, ең бірінші жүзеге асыратыны «айқай салу», «қол көтеру» арқылы «үнін өшіру». Балаға эмоционалды, әрі моральды түрде ауыртпашылық көрсету былай тұрсын, түрлі  физикалық та әдістермен де, жұмсақ айтқанда баланы «жұбатпақшы» болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Алла жұмсақ сөйлегенді жақсы көреді», және тағы бір хадисінде: «Қай жерге жұмсақтық ұяласа, сол жерді әсемдейді, жұмсақтық жоқ жерде ақау пайда болады» демеп пе еді.

Кеше бір қызық оқиғаға тап болдым. Супермаркетке менімен бірге бір әйел ілесе кірді. Жанында шамамен 4-5 жасар қыз бар. Сүп сүйкімді «ерке қыз». Кірген сәттен бастап, кішкентай қызда тыным жоқ. «О, мама мынаны алайық?», «Мен мынадай жегім келеді», «Қара, бізде де осындай бар ғой үйде», «Мама, қара мен былай істей аламын», т.с.с. тіліне де, аяғына да дамыл жоқ. Не деген энергия. Әлгі қызға қарасам, естеріңізде ме, «юла» деген ойыншық болатын бұрындары. Шертіп қалсаң, шыр көбелек айнала бастайды. Дәл өзі. Не істер екен деп ойладым. Әлгі әйелдің жүзінде, эмоцияның түр түрі бар (Дауыстап ұрысайын десе жан жақта адамдар көп. Осындай кезде «ұят» та ояна қалады екен). Тағы бір қарағанымда, қолынан мықтап ұстап алған. Шамасы, қатты қысты ма, қызы шыр ете қалды. Көзден таса жаққа қарай желкелеп кеткен еді. О жақтан ана қыздың көздері боталап, еңіреп келеді. «Байғұс қыз» дедім ішімнен, аяп кеттім.

Иә, құрметті қыз келіншектер, сырт көзге дәл осылай көрінеді. Жәә, жұртты қойшы, кім не демейді. Бірақ, бауыр етіңіз, туған балаңызды ойладыңыздар ма? Кішкентай қыздың жазығы не? Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Кішкентайларымызға мейірімді болмаған әрі үлкендерімізді құрметтемеген адам бізден емес» деген еді ғой.

Бала сіздің оған көңіл бөлгеніңізді қалайды. Ол оң мен солын енді танып жатыр. Дәл осы сәтте, оған СІЗ керексіз. Көбісі «еркелік» деп мән бермейді. Алайда, есіңізде болар, жүкті болған кездері, сіз үнемі бір нәрсеге жерік болып жүруші едіңіз ғой. Оған себеп не? Ол іштегі балаға қажет витаминдердің жетіспеушілігінен. Бірақ балаңыз дүниеге келгеннен кейін, бұл тоқтамайды. Өмірге келген соң балаға махаббат, сүйіспеншілік, жылы сөздер, үлгі болу, көңіл бөлу деген витаминдер өте қажет.

Міне, бұл БІР. Балаңызбен дос, сырлас бола білу. Оны уақытылы тамақтандырғаныңыз, әдемі киім кигізіп, қызық жерлерге апарып қыдыртқаныңызды оған «көңіл бөліп жүрмін» дегенмен шатастырмаңыз. Сіз оның анасы ғана емес ҚҰРБЫСЫсыз , одан сұраңыз, бөлісіңіз, ақылдасыңыз онымен. Мысалға, ол неге дәл сол шоколадты таңдады? Жауап беруін күтіңіз. Ең кемінде, бұл оның сүйікті шоколады екенін айтады. Жауап бере алмай жатса жәрдемдесіңіз. Оны жегеннен қандай пайда табады? Яғни, жесе не болады, жемеген жағдайда не болады. Оның құрамында не бар екенін айтып беріңіз (зиянды және пайдалы заттар жайында біле бастайды). Қалай жасалатынына бір шолу жасаңыз (Қандай еңбекпен келгенін уақыт өте түсінеді). Міне, бұл бір ғана болмашы шоколад. Әрине, сол бірінші күнгі қойған екі үш сұрағыңыздан балаңыз данышпан бола қалмайды. Сабырлық танытып күтсеңіз, ол сізбен өзі-ақ ақылдаса бастайды. Сіздің кеңесіңізге құлақ асқысы келетін болады. Оның ойлау қабілеті де дамиды. Балаңыз сізге керек екенін түсінеді.

Осы сәтте араларыңызда байланыс пайда болғанын көресіз. Ал бұл байланысты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір сәтке болсын, балаңызды алдыңызға алып, көзіне тіке қарап: «Мен сені жақсы көремін, білесің бе?» - деп сұрадыңыз ба? Қандай жақсы қасиеттері үшін жақсы көретініңізді айттыңыз ба? Қандай жаман қасиеттері сізді ренжітеді. Соны да айта кетіңіз. Міне, бұдан да тыс, балаға қаншама сауалдар қою арқылы, оның көңілін табумен қатар, өзіңіз де балаңыздың мінезімен танысып, оған жақындай түсесіз. Бұл болса оның тұлға болып қалыптасуына үлкен көмегін тигізеді.

Баланың,  оған бөлген әрбір минут, әрбір сәт арқылы алған тәрбиесі «тал бесіктен» «жер бесікке» дейін жалғасады.

«Қатты тәртіп көрсе бала күнінде,

Өнерімен қуантады түбінде.

Бала нені білсе жастан, ұядан –

Өле-өлгенше соны таныр қиядан.

Өнер-білім берем десең басынан,

Бер оқуға балаларды жасынан», – деп ХІ ғасырда Жүсіп Баласағұн айтқандай, ата-аналар балаларының жеке ерекшеліктерін жас күнінен танып, соған қарай бағыт-бағдар тәрбие берудің маңызы ерекше.

бала тәрбиесі, аяулы ана, исламдағы жанұя, мұсылман отбасысы
Nurly zhanNurly zhan
2 жыл бұрын 11788
19 пікір
  • Бер оқуға балаларды жасынан!
    2 жыл бұрын
  • Пайдалы әрі жақсы кеңестер екен.
    2 жыл бұрын
  • Ия дұрыс жазылған дүние екен.
    2 жыл бұрын
  • "Өзгеге мейірімділік етпегенге, Алла да мейірім етпейді!" Қазір балапанымызға көрсеткен қаталдығымыз үшін, қартайып солған шағымызда, олардың
    іздеген жылуын біздің де іздемесімізге кім кепіл...
    2 жыл бұрын
  • Қазағым жақсы көріп еркелетемін деп есіртіп алғаны қаншама. Ойлап қарасақ бәріміздің ата әжесінің қолында өсіп көбірақ ерекелеген таныстарымыз бар. Солардың көптеу бөлігі өмірдің сындарына бейімсіз келеді, тез сынады. Менің ойымша балаға- ол жер топырақ, ал оған деген махаббат күннің нұры сияқты деп қарау керек. Нұр мүлдем болмаса ол топырактан пайда болмайды, одан гүл өспейді. Ал нұр аса көп болса. ол сол жерді мүлдем күйдіріп тастайды. Айтайын дегенім ағайын баланы жақсы көрү керек, оған деген махаббатымызды ол үнемі сезіп жүрү керек, бірақ кейбір жағдайларда әділ жазасын да алғаны жөн. Ол тек "таяк жегізу" емес, басқа либералды жазалау түрлері көп. Өз басыма келсем мен баланы ұруына мүлдем қарсымын. Біз жанұямызда сөзбен жеткізуге тырысамыз, осы күнге дейін бүл метод өзін толық ақтаған секілді.
    2 жыл бұрын
    • Біріншіден, мақала авторына рахмет! Пайдалы, әсерлі! Екіншіден, баланы қалай ұрмай өсіруге болады? Соны айтыңыздаршы? Екі ұлым бар. Жай айтам, қатты айтам, көнбейді, еркелетіп айтсам, одан сайын есіреді. Ұрғым келмейді, шыны керек, ұрмасқа болмайды. "Не істеймін басқа?" деп күнде ойланамын. Меніңше, ол баланың арғы геніне байланысты сияқты. Ата-анасы, ата-бабасы жуас, момын болса, бала да сондай, ондай баланы ұрмай бағуға болады. Керісінше болса, керісінше))
      2 жыл бұрын
      • Ұлдарыңыздың жасы нешеде?
        2 жыл бұрын
      • Шыны керек көбіне өз ақылым өзіме жетпей жүреді, бірақ бала тәрбиесі жөнінде бір-екі ауыз айта кетейін. Баламен шынайы сөйлесіңіз, балалар шынайылықты үлкендерден қарағанда сезгіш келеді. Бір затты алып берем деп уәде еттіңіз ба, алып беріңіз сол кезде бала сізге сенетін болады. Әрдайым уәдеңізге берік болыңыз. Уәдеде тұра алмасаңыз түсіндіріңіз не үшін уәдеңізде тұра алмағаныңызға. Балаңызға жақсы көретініңізді ашық айтыңыз. Ұйықтар алдында, балабақшаға, мектепке баратын кезде еркелетуге болады, жақсы көңіл күйде ұйықтасын немесе сабаққа барсын.
        Ал ұрысу керек болса ешкім жоқ кезде, немесе ешкім көрмейтін жерде ұрысып, тәрбиелеңіз. Себебі куәгердің көзінше болған ұрыс балаға кері әсер етеді деп ойлаймын, бала өзін төмен санап қалуы мүмкін.
        Бірақ тым еркелетіп, тым мақтап жіберсеңіз балада жұлдыз ауруы пайда болады, керісінше өзін жоғары санап кетуі мүмкін. Ондайда кішкене жерге түсіріп қою керек.
        Барлық жерде орта жолды ұстану керек.
        Ұра салу, ұрыса салу оңай, ал орнына келтіру қиын. Кейде осы тәсілдерді қолдануға шыдам керек. Кішкене шыдап берсеңіз бәрі де орнына келеді. Ал тек деген мәселе әрине рөл ойнайды, бірақ тәрбиеде көп нәрсені шешеді деп ойлаймын.
        Бұл менің өз ақылым, мүмкін менікі дұрыс емес шығар. Бірақ ұрсысқанда баланы қырсықтандырып жіберу мүмкін.
        2 жыл бұрын
        • Иә,келісемін сізбен. Баламен барынша шыншыл болуға тырысып бағу керек. Олар қанша жерден сәби болғанмен,сенім тұрғысынан ересектерден әлдеқайда жоғары. Небір балалармен жұмыс істеймін, әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері бар,әр баланың түр түрлі қылығы,мінезі бар. Сөзбен айтқанға жеңіл көрінеді. Алайда істе мүлде басқа әлем бұл балалар)
          2 жыл бұрын
  • Өз басым атам мен апамның қолында өстім. Ерке болдым. Әкем де тұңғышым деп еркелететін. Анамнан ғана қорқатынмын. Ал қазір анам досымдай. Еркелету де керек, бірақ шектен де шығармау керек.
    2 жыл бұрын
    • Әрине. Асыл дініміз барша адам баласын сенiм мен сезiмде, iс пен сөзде орта жол ұстануға үндейдi ғой.
      2 жыл бұрын
  • Әссаләму алейкум! Аллам разы болсын Мақаланың авторына, жалғасын күтеміз!
    2 жыл бұрын
  • Бәрекелді. Қаламыңыз ұштала берсін Автор қыз. Расында да жақсы сарында жазылған. Пікірлерге қарап мынаны өзіме түйіп отырмын: "Баламды тәрбиелеуге кіріспестен өзімді бақылаймын, жақсы жақтарымды баламның өзі-ақ қабылдайды, егер перзенттерім айтқаныма құлақ салмай жатса тағы өзіме үңілемін, мінез көркемдігіне зер саламын, Пайғамбар мектебінің тәрбие методикасына бас ұрамын"
    2 жыл бұрын
  • МашаАЛЛА, недеген жақсы мақала. Және оқырмандардың көңілінен әбден шыққан екен:
    6470 рет оқылған, 21 пікір жазылған (меніңкімен 22), 33 рет "Лайк" басылған және ең бастысы "856" рет бөліскен.
    "Екіншісі" кетіретін қатені күтеміз, Нұрлыжан!
    2 жыл бұрын
  • Керемет мақала!тағы да баланың ас суына да аса мəн бергег жөн деп ойлаймын,арам ас баланың бойында нашар қылықтар,бұзық мінездің пайда болуына əсері тиеді.
    1 жыл бұрын
  • Бала тəрбиесі қашан да өзекті мəселе болып қала бермек....
    1 жыл бұрын
Блог туралы
0
24297 52 91 1777 49